Қыраным бар көгімде қалықтаған
Қалықтаған өрлігі шабыт маған.
Жусанның исі сіңген далам мынау,
Бабамнан мұра қылып алып қалғам.
Сол далам сені өзіне шақырады,
Атырау, Алтай, Арқа атырабы.
Ақберен ұлдарымен көрікті ғой,
Қазағымның қашаннан топырағы.
Жанайқайын баурыңның сеземін де,
Сені ойласам өрт ойнар өзегімде.
Жат жерде жүргендігің жанға батар,
Отыңды тұтатқайсың өз еліңде.
Бауырмалдық қасиет қанға сіңбек,
Тіледім басыңа құт орнасын тек.
Мен сені өгейсітпен жат жерлік деп,
Мен сені қарсы аламын қандасым деп.
Бірлікке шақыратын қайда дүлдүл,
Өрлейік,өркендейік майданда бір.
Өз елің,өзегіңнің ұлтаны бол,
Жат жерде жабырқаған қайран бауыр.
Жетелеп келсе-дағы ілгері үміт,
Қасіреттен жұртымның көргені көп.
Атар таңы біз болып сол елімнің,
Құрғатайық көз жасын бірге жүріп.