Жанарың жас көктемнің жамалындай,
Жүрегің махаббатың қамалындай.
Тамдының тамылжыған әнші аруы,
Лебізің таңның уыз самалындай.
Еркемай!
Қайырмасы:
Ебелектей жел аңсаған,
Көбелектей гүл аңсаған,
Келем саған.
Сені ойлап құлазыған құла құмдай,
Заулайды қиял қырдың құланындай.
Бұрымың, Мыңбұлақта туған ару,
Сол жердің мың бірінші бұлағындай!
Еркемай!
Қайырмасы.
Ілінген ғашықтықтың құрығына,
Әнімді құрбан еттім ырымыңа.
Мен қашан сүңгір екем мың бірінші,
Бұлақтай тарқатылған бұрымыңа!
Еркемай!
Қайырмасы.