"Мен сені сүйем!" – десем,
Ол тылсымның әмірі.
(с) Ақберен Елгезек
Сен кетпеші, өтінем, кідіре тұр?!
Сол кеудемде солқылдап жұмыр етім,
Мен арқылы сүйсінген сымбатыңа
Тəңірдің — сезінейін құдіретін.
Сен — тым нəзік гүлсің ғой бағымда өскен,
...өзегімді өртеуде жалын боп шер.
Гүл-ерніңнен өбер ме ем желге айналып,
Заң, қаулының шығарып бəрін де естен.
Бар сырымды ақтарып қара өлеңге,
Сен жоғалсаң — шер жұтып өлер ем мен.
Қу құйындар зардабын тигізердей,
Жұпарыңды қызғанам бар əлемнен.
Сезесің бе санамды бақұл болған,
Қызғаныштан бір ғұмыр ақыл қонбай
кетсем,
шіркін,
қызғанып бар əлемнен,
Қызғануға өзіңді хақым бардай.
Құшаққа алып, қалықтап көкке беттей,
Ренжітпей, мұңайтпай, өкпелетпей,
Алып кеткім келеді бір өзіңді
Мына əлемнен, алысқа...
Əттең... əттең...
Авторы: Дулат Əбдікəрім