1) Өртеніп барады ауа,
Кетіріп кенезені.
Тұмшалап қара бала
Жауып жүр терезені...
Бұл да бір сорлы бала -
Тағдыры сыртын берген.
Шешесі - болды мола,
Ағайын қырқын* берген.
Көзінің жасы кепті,
Басылды жылағаны.
Құдайы "нәсіп" етті
Тағы бір "сыбағаны!.."
Жатырған қан түкіріп...
Әкесі әлсіреді.
Барады жан қысылып.
Баласы - бар тілегі!..
"Ғұмырдың шаңды желі
Кеудемді қапқанын-ай!..
Кіндіктен жалғыз еді,
Ұлымды сақта, Құдай!.."
Үмітін үзген ауру
Құлынын қия алмайды.
Дерті оның - жұқпалы ауру -
Баласын сүйе алмайды!..
Білініп шаршағаны,
Бала да жатыр, әні...
Түсінде аңсағаны -
Анасын шақырады!..
Аурудың тұманданған
Көзінен көшеді бұлт.
Жалынып бір Алладан,
Сонда да етеді үміт!..
Қ-сы:
Істерім жақсы демеймін,
Қиындық жеңіл демеймін!..
Мойындағы жүктерім
Бұны калай кетірейін...
Өмірдін ащшысына,
Пендені жегідей жейтін -
Жаныңа тыным бермейтін.
Көнуге пенде нетпейді!..
2) Еріні шыт-шыт болып,
Бейшара күлбірейді.
Күн батса - қырсық торып,
Кірпігі ілінбейді!..
Тер қатып қабағында,
Бермейді жанға медет.
Дүние - жанарында
Ойнайды қанкөбелек!..
Дем жетпей, тұншығады,
Шыдар ма ұзақ түнге?..
Ертең де Күн шығады,
Жарығы, бірақ, Кімге?..
Ұзамай қара бала -
Әкесін көміп келді.
Жүрегі жара бала -
Үміті сөніп келді!..
Баяғы кескіні жоқ -
Айналды тас - балаға.
Жылайтын ешкімі жоқ,
Бұл - енді басқа бала!..
Құшаққа қысып тұрған -
"Жалғыздың Жары - Құдай!.."
Жетімге түсіп тұрған
Жалғанның жарығын-ай!..