Неге мұнша шаршадым?!
Еш нәрсеге аумай қойды аңсарым.
Түсіме енер,
Енбесе егер келер деп,
Ұйықтамастан өткіздім мен
Қанша күн?
Шаршадым мен!
Жалғыздықтан жабығып,
Ойлап күнде, жоқтап түнде, сағынып.
Шаршадым мен!
Жұмыстан да жалығып,
Табынбайтын тағдырға да табынып!
Шаршап кеттім -
Хабар күтіп сенен мен,
Хат-хабар жоқ!
Келіп қалар дегенмен...
Шаршап кеттім!
Жүйкемді де жеп біттім,
Бездім кейде -
Жазып жатқан өлеңнен!
Шаршадым мен!
Тойда ішетін арақтан,
Неге маған килікті кеп жаратқан?!
Шаршадым мен!
Сумақайлар сөзінен -
Мен туралы өсек-аяң таратқан!
Шаршадым мен!
Жанды жеген ызғардан:
Біреулерден -
Бақытымды қызғанған!
Шаршадым мен!
Арын сатқан әйелден,
Қулық істеп...
Қылымсыған - қыздардан!
Шаршадым мен!
Жазықсыздан жазғырған,
Арыз айтып, айыптаған -
Азғыннан!
Шаршадым мен!
Ақымақтан - туысын
Қылмысқа айдап, ақылынан аздырған!
Шаршадым мен!
Шынында да шаршадым!
Еш нәрсеге аумай қойды аңсарым.
Сонда да мен өкінбей-ақ өтермін
Амандығын тілеп бүкіл баршаның!