1)Шөбі майса жұрты жайсаң,
Туып кіндік кескен жер.
Жаңбыр жауса лай батпағын,
Жалаң аяқ кешкен жер.
Алқам салқам қой қайырып,
Тай құлынмен ілескен жер,
Қарның тойса құрбыңды аңдып,
Қайға көрмей өскен жер.
Қ-сы
ооооо
Жұмақ мекен туған жер-ай,
Мың жаялық жуған жер.
Құрт ұрлатқан қалтадан беу,
Шын балалық думан бел.
Құр қалдым деп дүмбілден
Қуаласып жүгірген...
Қайран қамсыз бала күннің,
Қайрылмасын кім білген?
2)Көше бойлап, асық ойнап,
Мәре сәре болған жер.
Көже қайнап көзің жайнап,
Кеуде нұрға толған жер.
Жантақ тікен қаптасада,
Бұл мен үшін орман бел.
Көп армандап сол орманға,
Бала қиял қонған жер.
3)Жер аударып арықталып,
Ұрық-дәнек сепкен жер.
Бел аңғарға шабыттанып,
Құрық салып кеткен жер.
Тұңғиыққа малти алмай,
Жүзіп сүңгіп шөпкен жер.
Әуре-сарсаң әбігер боп,
Әткеншегін тепкен жер.