Күрсініп іштей жүр ме едің,
Күлімдемей ме күндерің,
Құлазытты ма түндерің?!
ТАҒДЫР шығар...
Сан сауал жауап сұрай ма,
Мұңайма, бірақ, мұңайма,
Жүрекке тамшы құлай ма???
Жаңбыр шығар...
Қайырмасы:
Көңілің билеп бір алаң,
Жанарың жасқа бұлама,
Жазмыш жолы – бұралаң,
Сәл шыдашы...
Үмітті күдік тонай ма,
Бұлқынсын Жүрек, алайда –
Жабырқамашы, жарай ма?!
Сәл шыдашы...
Қонақтап қалып көзге – шер,
Мұң жайлап жанды өзгеше,
Мұңайтқан ба еді күз кеше? –
Тұйықталғансың.
Үніңде – үзік жалыныш,
Кеудеңде болып жарылыс,
Жүректе тулап Сағыныш, -
Сүйіп қалғансың...